Қазақстандағы АЭС жобасы үшін Ресей мен Қытай арасында тартыс күшейді

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 09:43

Қазақстан аумағында салынуы мүмкін атом электр станциясы үшін Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестік үдей түсті. Екі алпауыт ел өз технологияларын ұсынып, тартымды шарттармен келісімге келуге тырысып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытайдың жетекші ақпарат құралдарының мәліметінше, Қытайдың Ұлттық ядролық энергетика корпорациясы (CNNC) Қазақстанға жалпы қуаты 2,4 гигаватт болатын екі HPR-1000 үлгісіндегі реакторды бар-жоғы 550 миллион АҚШ долларына салып беруге әзір екенін мәлімдеген. Бұл — халықаралық тәжірибеге шаққанда, аса төмен баға.

Салыстыру үшін, дәл осындай қуаттағы жобаға Ресейлік "Росатом" компаниясы 1,2–1,5 миллиард доллар сұрап отыр. Яғни қытайлық ұсыныс бағасы екі есеге жуық арзан.

Қытайлық Hualong One технологиясы — өз елінің инженерлік жетістігіне айналған, үшінші буындағы заманауи ядролық реактор. Бұл жүйе тек Пәкістан мен Аргентина тарапынан ғана емес, өзге де мемлекеттердің қызығушылығын тудырып отыр. Сарапшылардың айтуынша, HPR-1000 моделі қауіпсіздік деңгейі жоғары болуымен ерекшеленеді. Ол зілзала мен цунами секілді табиғи апаттарға да төтеп бере алады. Осы себепті оны "ядролық энергетикадағы танк" деп атаушылар бар.

Ең қызығы — Қытай тарапы тек реакторлармен шектелмей, Қазақстандағы ядролық отын циклы мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берген. Ал Ресей тарапынан мұндай ауқымды ұсыныстар әзірге байқала қойған жоқ.

Қалай болғанда да, сарапшылар Қытайдың ядролық технология саласындағы ықпалы күн санап артып келе жатқанын атап өтеді. Қазақстандағы бұл жобада кімнің жеңіске жететіні белгісіз болса да, Қытай ядролық энергетикасының әлемдік сахнаға нық қадаммен бет алғаны анық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар