Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнындағы харассментке қатысты нормаларды заңнамаға енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Асқарбек Ертаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, бастама Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізінде қолға алынған.
"Былтыр бірінші вице-министр қызметінде жүргенімде осы мәселе бойынша келіссөздер жүргіздік. Сол кезде бірқатар мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға да “харассмент” ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылған болатын", – деді Ертаев.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта заң жобасы бизнес қауымдастық өкілдерімен талқыланып жатыр.
Министрлік әзірлеген құжатта жұмыс орнындағы жыныстық қудалауға қатысты ұғымды нақтылау, сондай-ақ мұндай жағдайлар анықталған кезде жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігін белгілеу қарастырылған.
"Заң жобасына тиісті анықтамалар мен нормалар енгізілді. Сонымен қатар, осындай фактілер тіркелген жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі де айқындалады. Қазір түзетулер белсенді түрде талқыланып жатыр. Құжатты биыл күзде Парламент қарауына енгізу жоспарланып отыр", – деді министр.