2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы төлемдеріне 6,8 триллион теңге бөлінуі жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, республикалық бюджеттің жобасында әлеуметтік қолдауға арналған ірі көлемдегі шығындар қарастырылған.
"2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында зейнетақы мен жәрдемақылар түріндегі әлеуметтік төлемдерге жалпы 6,8 триллион теңге көлемінде шығын көзделген", – делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жолданған жауапта.
Салыстырмалы өсім:
2025 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,4 пайызға немесе 860,5 миллиард теңгеге артық болмақ.
Соның ішінде:
Зейнетақы мен жәрдемақыларды индексациялауға – 622,6 млрд теңге,
Алушылар санының артуына – 237,9 млрд теңге бөлінбек.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2,6 миллионнан астам зейнеткер мен шамамен 2,3 миллион жәрдемақы алушы үшін зейнетақы мен жәрдемақылар 10,5%-ға индексациялануы жоспарлануда.
Индексация мына төлем түрлерін қамтиды:
- Еңбек және базалық зейнетақылар;
- Мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
- Бала тууына, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар мен қамқоршыларға, көпбалалы аналар мен отбасыларға арналған жәрдемақылар;
- Арнайы мемлекеттік жәрдемақылар;
- І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға арналған төлемдер;
Зейнеткерлер мен әлеуметтік төлем алушыларды жерлеуге арналған жәрдемақылар.