Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарды мерзімінен бұрын алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа ереже бойынша "жеткіліктілік шегі" енді жыл сайын өсіп отырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бірыңғай есептеу формуласы енгізілмек. Яғни қазіргі шекке инфляция деңгейі (шамамен 8%) мен шартты инвестициялық табыс (2%) қосылады. Осылайша, жыл сайынғы өсім шамамен 10%-ды құрамақ.
Бұл дегеніміз, азаматтар тек белгіленген межеден асқан қаражатты пайдалана алады.
Қазіргі таңда жеткіліктілік шектері бекітілген және жас ерекшелігіне қарай өзгереді. Мәселен, 20 жастағы азаматтар үшін бұл сома шамамен 3,7 млн теңгені құраса, зейнет жасына жақындағандар үшін 10 млн теңгеден асады.
Министрдің мәліметінше, тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжатты сәуір айында қабылдау жоспарланған.
