Қазақстанда жерасты суын пайдаланатын шаруалардың салығы азаюы мүмкін

Қазақстанда жерасты суын пайдаланатын шаруалардың салығы азаюы мүмкін

Қазақстанда егін суару үшін жерасты суын пайдаланатын шаруалардың салығын азайту ұсынылды. Бұл мәселе Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалар пайдаланған жерасты суының әр текше метрі үшін салықты 2,6 теңге етіп белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ аграрларды жерасты суын пайдалану құқығын алған кезде төленетін бір реттік төлемнен босату ұсынылып отыр.

Қазір Қазақстандағы жерасты суы қорының 3,5 пайыздан азы ғана пайдаланылады. Оның ішінде егін суаруға жұмсалатын үлесі 2 пайызға да жетпейді.

Министрліктің есебінше, жерасты суы қорының 10 пайызы пайдаланылса, шамамен 116,7 мың гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосуға болады.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жерасты суы қорының қаншалықты жылдам қалпына келетінін және табиғатқа зиян келтірмей қанша су алуға болатынын қосымша есептеуді тапсырды.