Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес 2027 жылдан бастап мемлекет зейнетақы жинағының инвестициялық табысы инфляциядан төмен болған жағдайда төленетін бір реттік өтемақыны тоқтатады.
Сонымен қатар, мемлекет міндетті зейнетақы жарналары бойынша кепілдікті сақтайды. Яғни салымшыларға нақты аударылған жарнаның толық көлемі кепілдендірілмек.
2026 жылғы қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сеніп тапсыра алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік жинақтың 50 пайызымен ғана шектелген еді.
Азамат жеке басқарушы компанияны таңдаса, мемлекет инфляцияға байланысты тәуекелді өтемейді. Бұл жауапкершілік басқарушы компанияға жүктеледі. Ал жинағын тәуекелге тіккісі келмейтіндер қаржысын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады.