Қазақстанда жәрдемақы алушыларды тұрмыс деңгейіне қарай саралау жүйесі енгізілмек. Қаржы маманы, Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тілеуленованың пікірінше, бұл көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көбірек бағыттауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, бірдей мөлшердегі төлем әр отбасыға әртүрлі әсер етеді. Мәселен, жеке баспанасы, тұрақты табысы, жинағы бар отбасы мен бірнеше бала тәрбиелеп, пәтер жалдап, несие төлеп отырған отбасының жағдайы бірдей емес.
Жаңа жүйеде отбасының табысы ғана емес, мүлкі, несиесі және басқа да қаржылық жағдайы ескеріледі. Бұл үшін Қазақстандағы цифрлық жүйелер арқылы қажет мәлімет тексеріледі.
Саида Тілеуленованың сөзінше, мұндай тәсіл жәрдемақыны заңсыз алуға қатысты жағдайлардың алдын алуға да көмектеседі. Мысалы, 2025 жылы Түркістан облысында 86 отбасы 17 млн теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғаны анықталған. Оның ішінде 13 отбасы табысын, 22 отбасы мүлкін жасырған.
Алайда сарапшы отбасының әл-ауқатын бағалағанда тек табыс пен мүлікке сүйенуге болмайтынын айтты. Пәтер немесе көлік болуы адам ауқатты екенін білдірмейді. Отбасының несиесі, емделуге жұмсайтын шығыны, бала саны, асырауындағы адамдары, денсаулығы, жұмыспен қамтылуы да ескерілуі керек.
Сонымен қатар, азаматтар отбасы қай санатқа жатқызылғанын түсініп, қолданылған мәліметті тексеріп, қате болса шешімге шағымдана алуы маңызды.
Сарапшының пікірінше, жәрдемақы алушылар санын азайту емес, әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттау басты нәтиже болуы керек.