Қазақстанда «Халық кеңесі» туралы заң қарала бастады

Қазақстанда «Халық кеңесі» туралы заң қарала бастады
pixabay.com

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Халық кеңесі туралы» заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа құрылым туралы алғаш рет Қазақстанның жаңа Конституциясын дайындау кезінде айтылған. Жоспар бойынша Конституция биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осыған байланысты елде ауқымды парламенттік реформа басталмақ.

Заң жобасына сәйкес, «Қазақстан Халық кеңесі» халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Оның құрамына азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Ал құрылымның жұмыс тәртібі мен оны жасақтау қағидалары арнайы конституциялық заңмен бекітіледі.

Мәжілісте қазір осы заң жобасы мен Парламент палаталарының бірлескен комиссиясына кіретін депутаттарды сайлау рәсімі қаралып жатыр.

Құжатқа сәйкес, Халық кеңесінің өкілеттігі кең болады. Атап айтқанда, орган ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлей алады. Сонымен қатар Құрылтайға заң жобаларын ұсыну және республикалық референдум өткізу бастамасын көтеру құқығына ие болмақ.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесіне үлкен үміт артатынын айтқан еді. Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа құрылым елдегі қоғамдық-саяси өмірдің өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналуы тиіс.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанда парламенттік жүйе де өзгереді. Ақпаратқа сәйкес, Сенат таратылып, Парламент бір палаталы жүйеге көшеді. Қазіргі депутаттық құрам 1 шілдеге дейін жұмысын жалғастырып, кейін ресми түрде таратылмақ.