Қазақстанда ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде Starlink байланысы іске қосылды

Қазақстанда ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде Starlink байланысы іске қосылды
gov.kz

Қазақстанда ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде смартфон арқылы байланысқа шығуға мүмкіндік беретін Starlink Mobile қызметі іске қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа қызметті Beeline Қазақстан Starlink компаниясымен бірлесіп іске қосты. Технология үшін арнайы спутник телефон немесе қосымша құрылғы қажет емес. Смартфон тікелей спутникке қосылады.

Пайдаланушылар ұялы байланыс жоқ жерде хабарлама жіберіп, оны қабылдай алады. Сондай-ақ, кейбір базалық интернет қызметтерін пайдалануға болады. Бұл мүмкіндік шалғай елді мекендерде, таулы аймақтарда және жол бойында байланыста болуға көмектеседі.

Қазір қызмет Android жүйесі жұмыс істейтін кейбір смартфондарда қолжетімді. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Оны пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңартып, Starlink қызметін қосу керек. Сондай-ақ, телефон баптауларынан деректер роумингін іске қосу қажет. Ұялы байланыс болмаған жағдайда желіні қолмен Beeline Starlink немесе 401 04 деп таңдауға болады.