Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Dalanews 15 нау. 2023 03:53 1878

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықтың себепкерлерін жазалау шараларын қатайту керектігін үнемі айтып келеді. Өткен жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында да, 2019 жылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы проблеманы зерделеп қана қоймай, үкіметке нақты шаралар қолдануды тапсырды. Содан бергі уақыттың өізнде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр.

Нақты сандарға жүгінетін болсақ, 2018 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 24,8 мың оқиғасы тіркелсе, 2021 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 16,9 пайызға өсіп, 29 мың оқиғаны құраған. Елімізде қаншама қайғылы да қаралы оқиғалар отбасы шаңырағының акстында, «жабық есік» жағдайында болып жатқанын да айту өте ауыр. Ең өкініштісі, мұндай салдары қорқынышты жанжалдардың дені жабулы қазан күйінде, жасырын қалып жатады. Отбасылық зорлық-зомбылықтың көптеген құрбандары полицияға бармайды, арыз жазбайды. Мұны сүйекке таңба, ұят санайды.

Қазақстан билігі осы уақытқа дейін де тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің көптеген жолдарын қарастырып көрді. Бұл шаралардың қатарына қылмыстарды декриминализациялау мен дәлелдемелері жеткіліксіз деген сылтаумен бостандыққа жіберілген қылмыскерлерге де кіреді.

Биылғы наурыз айында ғана Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы еліміздегі отбасыларда болып жатқан зорлық-зомбылық оқиғаларының себепкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға тағы да шақырды. Бұл аталған халықаралық ұйымның Қазақстанға қарата жасаған алғашқы мәлімдемесі емес. Сол себептен де өткен жылғы қыркүйек айындағы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін шегелеп тапсырды. Мемлекет басшысы мұның осы бағыттағы келеңсіз оқиғалардың азаюына септесетініне сенім білдірді.

Президент халыққа бас құжатын жариялаған соң, көп ұзамай Ішкі істер министрлігі осы мәселені көтеретін заңға жаңадан өзгертулер енгізуді ұсынды. Оның ішінде әкімшілік қамауға алу мерзімін ұзарту, құқық бұзушылық қайталанған жағдайда тараптардың татуласу мүмкіндігін алып тастау, жанжалдасып жүрген отбасыларды көше тазалауға жіберу сияқты жазалауларға алып келетін баптар бар.


Алайда, #NeMolchiKZ құқық қорғау қорының жетекшісі Дина Таңсәрі бұл бастамаларға жәй ғана көзбояушылық деп баға берді. Оның пайымынша, Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу стратегиясын тәжірибеден өткізу ретінде қарап отыр. Мұндай жағдайдың денінде қателіктер басым болады. Сондықтан да еліміздегі зорлық-зомбылық деңгейі жоғары көрсеткіштерді сақтап тұр.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2015-2021 жылдар аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты орын алған барлық құқық бұзушылықтардың 97,3 пайызы әкімшілік жауапкершілікпен шектелген. Бұл дегеніміз сол қылмыс үшін әлдеқайда жеңіл жазалардың қатарына жатады. Құқық бұзушылықтардың тек 2,7 пайызы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

2015 жылдан 2022 жылдың маусымына дейінгі уақытта елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатына келетін 29,3 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркеліпті. Осы кезеңде отбасында шу шығарып, жақындарын ұрып-соққан 23,6 мыңға жуық тұрғын (80,4 пайыз) әкімшілік жауапкершілікке ғана тартылған. Сонымен бірге, 2021 жылы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк осы бағыттағы барлық әкімшілік істердің 60 пайызы ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты тоқтатылғанын жариялады. Ал мұны ешқандай да оң көрсеткіш ретінде санауға келмейді. Бұл «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегеннің кері.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылдан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін орта есеппен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жылына шамамен 752 қылмыстық іс қозғалған. Бұл істердің 84,7 пайызы адам өлтіруге, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге және ауырлығы орташа зиян келтіруге негізделген баптар аясында тіркелген.

Еліміздің Қылмыстық кодексіне сәйкес, адамға қатысты зорлық-зомбылықты қылмыстық құқық бұзушылық ретінде тану үшін оның денсаулыққа келтірген залалы орташа ауырлықтан кем болмауы тиіс. Бұл жәбірленушінің денсаулық жағдайының бұзылуының ұзақтығымен де анықталады. Ол кем дегенде үш жетіден асуы қажет. Оның өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам жақынының миы шайқалатындай ұрып-соғып, отбасы мүшелерінің аяқ-қолдарын, жақтарын немесе басын зақымдауы қажет. Ал жәбірленуші ауруханада 21 күннен аз жатса, онда бұл жарақаттар жеңіл санатқа ауыстырылады, әлгі жақынын аямайтын басбұзар тек ескерту түріндегі жаза алады.


Мұндай жазалау түрінің зорлық-зомбылық құрбанына қалай әсер ететінін ойлаудың өзі жүйкеге салмақ түсіреді. Қазақстандағы зорлық-зомбылықтың, тіпті өте ауыр жағдайлары да жеме-жемге келгенде әкімшілік сипат алып, оп-оңай шешіліп кететінін де жасырып жаба алмаймыз.

Десе де, күні жасақталған жаңа Парламент  осы олқылықтың орнын толтырады деген сенім басым. Өйткені, Мәжілістің жүзге тарта депутатының отыз пайызын мүгедектігі бар азаматтар, жастар, әйелдер құрайды. Олар әлеуметтік проблемаларды терең түсінеді, түбегейлі зерделейді, халықтың пайдасына қызмет ететін заңдарды қабылдайды деп үміттенеміз. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Қазіргі кезде жоғарғы палатада отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін құжат талқылану үстінде. Қоғамның иглігіне қызмет ететін заң қабылданады деп сенейік.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар