Қазақстанда топырақты қорғау туралы жеке заң қабылданбақ

Қазақстанда топырақты қорғау туралы жеке заң қабылданбақ
pixabay.com

Мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың негізгі мақсаты - бірыңғай заңнамалық акт аясында топырақты басқару, оны қорғау, құнарлылығын сақтау мен арттыру, сондай-ақ жерлердің тозуының алдын алу үшін тұтас құқықтық негіз қалыптастыру. Бұл ретте құжат жерді алып қою мәселелерін реттемейді, бірақ олардың сапасын сақтауға және одан әрі нашарлауына жол бермеуге бағытталған бірқатар талаптарды енгізеді. Атап айтқанда, заң жобасы «топырақ» ұғымының өзін нақтылап, оны кеңірек «жер» ұғымынан бөліп көрсетеді», - делінген Мәжіліс хабарламасында.

Депутаттардың айтуынша, бұл топырақты қорғау мен ұтымды пайдалану бойынша жеке шараларды бекітуге мүмкіндік береді.

«Осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері, соның ішінде топырақты қорғау жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеу мен орындау құзыреті айқындалады. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары белгіленеді, бұл ғылыми жұмыстардағы қазіргі бытыраңқылық пен жүйесіздікті жоюға тиіс. Заң жобасы топырақ қасиеттерін қалпына келтіру бойынша міндетті шараларды да енгізеді. Онда топырақ қорғау технологияларын қолдану, ауыспалы егісті енгізу және ғылыми негізделген жүйе бойынша тыңайтқыш қолдану қарастырылған», - деп хабарлады Мәжіліс.

Құжатта қауіпті химиялық заттардың шамадан тыс жиналуына жол бермеу және топырақ жағдайына қарай кейбір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге шектеу қою да көзделген.

«Бұдан бөлек, топырақты су басудан, батпақтанудан, қайталама тұзданудан, тозудан, құрғаудан және тығыздалудан қорғау талаптары, сондай-ақ тозған жерлерді қалпына келтіру шаралары бекітіледі. Бұл талаптарды іске асыру топырақтық және агрохимиялық зерттеулер мәліметтеріне негізделетін болады. Сонымен қатар топырақ деградациясының болжамды модельдерін жасау, жерді қашықтан зондтау деректерін және топырақ күйін талдау мен картаға түсіру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану сынды қосымша заманауи мониторинг құралдарын енгізу көзделген», - делінген хабарламада.

Мәжілісте заң жобасымен жұмыс барысында аграрилерге қатысты талаптардың да күшейтілгені айтылды.

«Топырақты қорғау туралы» заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар оның негізгі ережелерін нақтылап, күшейтті. Ең алдымен, орталық уәкілетті орган ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі белгіленіп, оның негізгі өкілеттіктері бекітіліп отыр. Сонымен қатар, топырақты және агрохимиялық зерттеулерді, топырақты қорғау мен оның мониторингі бойынша басқа да іс-шараларды жүргізу тетіктері регламенттеледі. Мұндай жұмыстардың нәтижелері мен практикалық ұсынымдар көпшілікке қолжетімді болады және электрондық ауыл шаруашылығы картасында көрсетіледі», - деп хабарлады Мәжіліс.

Депутаттардың мәліметінше, жер құқық қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттері де бөлек бекітіледі.

«Соның ішінде топырақтың құнарлы қабатын қорғау бойынша талаптар енгізіледі. Атап айтқанда, жұмыс кезінде оны міндетті түрде сыпырып алу, дұрыс сақтау және кейіннен пайдалану, сондай-ақ оны сыртқа шығаруға тыйым салу қарастырылған. Ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жаңа нормалармен үндестіруге бағытталған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін берген кезде міндетті түрде ауыл шаруашылығы жерінің паспортын беру енгізіледі», - делінген хабарламада.

Мәжіліс мәліметінше, арнайы паспортта жердің негізгі агрохимиялық көрсеткіштері тіркеледі.

«Ол бонитет балын, қарашірік мөлшерін, азот, фосфор және калий деңгейін, тұздану дәрежесін, қышқылдығын, механикалық құрамын және топырақтың басқа да сипаттамаларын тіркейтін ресми құжатқа айналады», - деп хабарлады Мәжіліс.