Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы өсті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бекіткен бұйрықта көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылғы шілдеде Қаржы министрі 2022 жылғы 22 ақпандағы №196 «Сүзгісі бар және сүзгісіз темекілерге, папиросаларға, сигариллаларға және қыздырылатын темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізген болатын.
Жаңа құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 20 дана сүзгісі бар немесе сүзгісіз темекілерге, папиросаларға, сигариллаларға және қыздырылатын темекі өнімдеріне арналған ең төменгі бөлшек баға 970 теңге болып белгіленді.
Ал 2025 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында бұл көрсеткіш 920 теңге болған.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында барлық қолданыстағы акциз мөлшерлемелері 10 пайызға артады. Бұл талап темекі өнімдеріне де қатысты.
Осылайша, 2026 жылы темекіге салынатын акциз мөлшерлемесі 1000 данаға 18 051 теңге болады. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен өсіп, 2030 жылға қарай 1000 темекі үшін 25 607 теңгеге жетеді.
