Қазақстанда азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында берілуі тиіс 4 114 дәрі-дәрмектің заңсыз сатылғаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, дәрілік заттардың айналымына 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген таңбалау жүйесі арқылы талдау жүргізілген. "Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы" аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, республика бойынша бірқатар дәріханада тегін таратылуы тиіс дәрілердің сатылғаны тіркелген.
Министрлік жүргізген тексерулер нәтижесінде 74 нысан қамтылып, соның ішінде 31 ұйымға жалпы сомасы 12,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 43 мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Тексеру барысында ТМККК аясында науқастарға берілген дәрілердің заңсыз саудаға түскені анықталған. Кей жағдайларда медициналық ұйымдар арқылы таратылған препараттар дәріхана желілеріне қайта өткізілген. Анықталған дәрілер қатарында натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, кейбір антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар.
Сонымен қатар "Цифрлық экономиканы дамыту орталығы" ЖШС деректеріне сәйкес, таңбалау кодтарын пайдалану барысында жүйелі заңбұзушылықтар тіркелген. Атап айтқанда, 35 537 рет дәрілерді айналымнан қайта шығару фактісі, бір кодты әртүрлі қатысушының 480 752 рет қолдануы және 1 140 нысанның 15 614 кодты қайта айналымнан шығарғаны анықталған.
Министрлік мәліметінше, аталған фактілер бойынша материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданған. Қазіргі уақытта қосымша тексерулер жүргізіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
