Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов елде көлеңкелі сауда мен жалған тауарлардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы тәркіленген өнім көлемі 10 есе артқан. Алайда заңсыз нарықтың нақты ауқымы бұдан да жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, ең алдымен тауардағы бірегей кодты сканерлеу арқылы оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша іске қосу қажет. Сонымен қатар контрафакт өнім өндіру мен оны елге заңсыз импорттағаны үшін қылмыстық және қаржылық жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Бұдан бөлек, белгілі бір санаттағы тауарларды тек өндірушілерден тікелей жеткізілетін расталған жеткізу арналары арқылы сатуды міндеттеу керек деп санайды. Сондай-ақ әсіресе Ресей мен Қытайдан келетін "сұр импортты" талдап, жалған өнімдерді өткізу арналарының бірыңғай тізілімін жасау ұсынылды.
Мархабат Жайымбетов бүгінде сауда орындарында жеке гигиена құралдарынан бастап азық-түлікке дейінгі танымал брендтердің қолдан жасалған нұсқалары кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өнімдер санитарлық қорытындысыз әкелініп, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіреді.
