Қазақстанда сталкинг үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Ішкі істер министрлігі жәбірленушіні қайта-қайта қудалау фактілері үшін қылмыстық жазаны қатаңдатуды көздеп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ведомство сталкинг туралы бапқа «қайталану» белгісін енгізуді ұсынып отыр. Егер адам осы қылмысы үшін бұрын жауапқа тартылып, кейін қайтадан жәбірленушіні қудаласа, оған қатысты жаза күшейтілуі мүмкін.
«Біз сталкинг бойынша қайталану белгісін енгізуді ұсынып отырмыз. Жауапкершілікті күшейтеміз. Қылмысты орташа ауырлық санатына жатқызып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыру жоспарланып отыр. Бұл мәселе әлі талқыланады», – деді Әділов.
Министрдің орынбасары мұндай өзгерістерді енгізу қажеттілігі құқық қолдану тәжірибесі барысында анықталғанын айтты.
Мысал ретінде ол Алматы облысындағы жағдайды келтірді. Онда сталкинг үшін жазасын өтеген ер адам бостандыққа шыққаннан кейін бұрынғы жәбірленушісін қайта қудалай бастаған.
«Әрине, оған қатысты қайтадан қылмыстық іс қозғадық. Бірақ біз қайталану белгісін енгізу қажет екенін көріп отырмыз», – деп атап өтті Санжар Әділов.
Айта кетейік, сталкингке қатысты қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда жақында ғана енгізілген болатын. Енді құқық қорғау органдары бұл бапты одан әрі күшейтуді ұсынып отыр.