2026 жылдың жазы Қазақстанда метеобақылау жүргізіле бастағалы бергі ең ыстық жаз ретінде тіркелді. Мамандардың мәліметінше, маусым, шілде және тамыз айларындағы орташа ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен 2,15 градусқа жоғары болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ауа температурасының нормадан жоғары болуы елдің көптеген өңірінде байқалды.
Әсіресе Ақмола мен Қарағанды облыстарының шығыс бөлігінде, Павлодар облысында, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында аптап ыстық ерекше сезілген. Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысындағы Бес-Оба метеостанциясында тіркеліп, температура қалыпты деңгейден 4 градусқа жоғары болған.
Жазда жауын-шашын да аз түсті
Биылғы жаз тек ыстығымен ғана емес, құрғақ ауа райымен де ерекшеленді. Синоптиктердің мәліметінше, жаз айларында түскен жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа көрсеткіштен 7,12 миллиметрге аз болған.
Дегенмен жауын-шашын көлемі өңірлер бойынша әртүрлі болды. Кей жерлерде жаңбыр қалыпты мөлшерден әлдеқайда аз жауса, кейбір аймақтарда көрсеткіштер біршама жоғары болған.