Қазақстанда шағын бизнеске арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылмақ

Қаракөз Амантай 23 жел. 2025 11:35

Қазақстанда шағын және орта бизнеске арналған жаңа мемлекеттік «Іскер аймақ» бағдарламасының параметрлері таныстырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«5 желтоқсанда «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы үкіметке жаңа Салық кодексінің кейбір нормалары бойынша кәсіпкерлердің өтініштерін талдап, теңдестірілген шешім қабылдауды тапсырды. Бұл – жалпыұлттық маңызы бар міндет ретінде қаралды. Осы тапсырмаға жауап ретінде «Іскер аймақ» атты Біріккен шағын бизнеске қолдау көрсету бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама «Аманат» партиясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе әзірленді», – деді Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, әсіресе ауылды елді мекендер мен кіші қалаларды дамытуға бағытталған.

«Бағдарлама қарапайым, жылдам іске асырылатын жобаларға басымдық береді және әлеуметтік-экономикалық тиімділікті тез қамтамасыз етеді. Программа аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, тері өңдеу, мини-тоқаш фабрикалары, сүт және ет өнімдерінің жартылай фабрикаттары, тамақ өндірісі, ағаш өңдеу, жиһаз цехтары, құрылыс материалдарын өндіру, қолөнер және басқа да жергілікті қосылған құн тізбектерін қалыптастыратын бағыттар қолдау алады», – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Бағдарламаның негізгі тәсілі – өңірлерді кәсіпкерлікті дамытуға қосымша жауапкершілікке тарту, яғни жергілікті атқарушы органдар өңірлік әлеует пен қажеттіліктерді ескере отырып, басым салалардың қосымша тізімін қалыптастырады.

Бағдарлама екі деңгейлі субсидия жүйесін қарастырады. Бірінші деңгей – Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына бюджет субсидияларының 30%-ына дейін бөлінуі. Екінші деңгей – қалған өңірлерге 70%-ға дейін бөлінуі. Қаржыландыруға қолжетімділік субсидиялау және кепілдік механизмдерінің үйлесімі арқылы қамтамасыз етіледі. Мұнда «Даму» қоры негізгі қарыздың 80%-ына дейін кепілдік беруге дайын.

Бағдарлама үш өзара байланысты бағытта іске асырылады:

  1. Қаржылық қолдау – несиеге пайыздық ставка бойынша субсидиялар, кепілдік беру арқылы шағын бизнеске несие алу құнын төмендету.
  2. Қаржылық емес қолдау – салалық онлайн оқыту, сервистік және консультациялық қолдау арқылы кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру.
  3. Инфрақұрылымдық қолдау – өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділік, жеңілдетілген жалға алу, жер учаскелерін беру.

Жұманғарин атап өткендей, қазіргі уақытта «Ауыл аманаты», «Бір ауыл – бір өнім» сияқты бағдарламалар іске асырылып келеді. Осы бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобалар, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қосымша қолдау алады және субсидия, инфрақұрылымдық және қаржылық емес мемлекеттік қолдау үшін бірінші кезекте қаралады.

Бағдарламаның жалпы несие көлемі жылына шамамен 400 млрд теңгені құрайды. 2026 жылы субсидияларға қажетті қаражат – 24 млрд теңге, ал бірінші жылы 5 мыңнан астам жоба қолдау алады. Бағдарламаға микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Бір жобаға максималды несие көлемі – 200 млн теңге. Субсидия – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы, мерзімі – 3 жылға дейін, ұзартусыз.

Министрдің мәліметінше, бағдарлама 2026–2028 жылдары іске асырылса:

  • шамамен 23 мың жобаны қолдайды;
  • 1,2 трлн теңге көлемінде несие беріледі;
  • бюджет қолдауы – 127 млрд теңге.

Күтілетін мультипликативтік әсері:

  • салық түсімдері – 157 млрд теңге;
  • өнім шығарылымы – 1,4 трлн теңге;
  • 7 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 136 мың жұмыс орны сақталады.

Бағдарлама цифрлық шешімдер арқылы басқарылатын болады: egov.business және Damu Online порталдары арқылы өтінім беру, «бір терезе» қағидаты, жобаларды нақты уақыт режимінде мониторингтеу. Интернет жоқ шалғай ауылдар үшін мобильді кеңселер (автобустар) арқылы кеңес беру және мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру ұйымдастырылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар