Парламент жаңа Конституцияны іске асыру аясында алты конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қабылданған құжаттар елдің жаңа саяси құқықтық жүйесін толықтыруға және Конституциядағы негізгі нормаларды нақтылауға бағытталған.
«Президент туралы» Конституциялық заң мемлекеттік биліктің жаңартылған моделін бекітеді. Құжатқа сәйкес Вице президент институты енгізіліп, Мемлекет басшысының өкілеттіктері нақтыланады әрі билік тармақтары арасындағы тепе теңдік күшейтіледі.
«Қазақстан Республикасы Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң жаңа заң шығарушы билік моделін қалыптастырып, бір палаталы Парламент жұмысының тәртібін айқындайды.
Ал «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң азаматтардың мүддесін білдіретін және маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысатын жаңа қоғамдық диалог институтын құруды көздейді.
Сонымен қатар «Астананың мәртебесі туралы» Конституциялық заң елорданы одан әрі дамытудың құқықтық негіздерін бекітеді. Құжатта инфрақұрылым, қала құрылысы және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктеріне қатысты нормалар қамтылған.
«Әкімшілік аумақтық құрылыс туралы» Конституциялық заң аумақтарды басқарудың бірыңғай қағидаларын енгізіп, елді мекендердің мәртебесіне қатысты тәртіптерді айқындайды.
Сондай ақ «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Түзетулер сайлау комиссияларына қойылатын талаптарды күшейтіп, азаматтардың сайлау процесіне қатысу тетіктерін кеңейтеді.
Осылайша қабылданған заңдар пакеті елдің саяси жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін бекітеді.
Келесі кезең ретінде жаңа Парламент сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Саяси реформалар практикалық іске асыру кезеңіне өтпек.