Қазақстанда қой етінің бағасы бір жыл ішінде 27,9%-ға өсті. Шілде айында оның орташа құны бір килограмына 4,5 мың теңгеге жеткен. Бұл – негізгі ет түрлері арасындағы ең жоғары өсім, деп хабарлайды dalanews.kz.
"За нами уже выехали" телеграм арнасының мәліметінше, қой еті Астана тұрғындарына ең қымбатқа түскен. Елордада оның бір килограмы орта есеппен 5,4 мың теңгеден сатылды. Ал ең төмен баға Көкшетауда тіркеліп, келісіне 3,8 мың теңгені құрады.
Көктемде Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның көтерілуін Құрбан айт қарсаңындағы маусымдық сұраныспен түсіндірген еді. Алайда мереке аяқталғаннан кейін де қой еті арзандаған жоқ. Керісінше, мамырда баға бірден 4,7%-ға өсті. Бұл – кемінде 2011 жылдан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш. Маусымда қой еті тағы 4,2%-ға, шілдеде 2,3%-ға қымбаттады.
Басқа ет түрлерінің бағасы да айтарлықтай өскен. Бір жылда сиыр еті 15,1%-ға, жылқы еті 14,4%-ға, шошқа еті 11,3%-ға қымбаттады. Жалпы, еліміздегі ет бағасы орта есеппен 15,8%-ға көтерілді.
Бағаның мұндай қарқынмен өсуі ет өндірісі рекордтық деңгейге жеткен тұста байқалып отыр. Биылғы жеті айда Қазақстанда 48,2 мың тонна балғын және салқындатылған ет өндірілген. Бұл – 1999 жылдан бері осы кезеңде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.