Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 129 қандас көшіп келген. Көбі көршілес Ресей, Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан қоныс аударған, деп хабарлайды dalanews.kz 24.kz-ке сілтеп.
Айбаршын Құдайбергенова 2 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа оралған. Қазір Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрады. Отбасын қолдау орталығында психолог болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, қандастар көмек сұрап, жиі келеді. Себебі қоныс аудару кезіндегі қиындықтарды басынан өткереді. Отанына оралғандарға мемлекет тарапынан арнайы субсидия берілген. Үй сатып алу үшін 7 млн теңге бөлінген.
Айта кетейік, енді "қандас" мәртебесін алу үшін арнайы тест тапсыру ережесі енгізілді. Осылайша, үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Мамандардың айтуынша, тілді терең білу талап етілмесе де, күнделікті қарым-қатынас жасай алғаны жөн.
"ҚАЗТЕСТ екі блоктан тұрады: тыңдалым және аудио. Әр блок бойынша кемінде 70 пайыз дұрыс жауап беру қажет. Тиісті балды жинаған жағдайда екінші кезеңге, яғни анкета толтыруға өте алады. Анкетада үміткер өзінің жеке мәліметін енгізеді: еңбек өтілі, мамандығы және жақын туыстары туралы ақпарат болған жағдайда барлығын толық көрсетеді. Осы кезеңдердің барлық ұпайын қосқанда кем дегенде 600 ұпай жинау қажет. Содан кейін мемлекеттік органдардың қарауынан өтіп, сұхбаттасады. Осылайша, сынақтардан сүрінбей өткен азаматтарға қандас мәртебесі беріледі", - деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлова.
Алғашқы әрекетте қажет ұпай жинай алмаған қатысушылар сынақты қайта тапсыра алады. Ереже бойынша алдыңғы сынақтан кейінгі 30 күн ішінде қосымша екі мүмкіндік беріледі. Әр талпыныс үшін ақы бөлек төленеді.