Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып жатыр. Құжат кәсіби психологиялық қызмет көрсету саласын құқықтық тұрғыдан реттеуге және бірыңғай талаптар қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасы туралы Мәжіліс депутаты әрі жұмыс тобының жетекшісі Ақмарал Мысырәлімова баяндады.
Оның айтуынша, құжат алғаш рет психологиялық қызмет көрсету саласындағы бірыңғай құқықтық негізді қалыптастыруды көздейді.
«Заң жобасы кәсіби психологиялық қызметті реттеудің бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған», - деді депутат.
Жұмыс тобының қарауы барысында заң жобасы бірқатар жаңа нормалармен толықтырылған. Атап айтқанда, онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсету тәртібі нақтыланып, мұндай қызмет көрсететін субъектілерге қойылатын талаптар белгіленген.
Сонымен қатар психологтардың кәсіби этикасын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылған. Заң жобасында психологтың Әдеп кодексін сақтау міндеті енгізіліп, мамандардың бірыңғай тізілімін жүргізу және одан шығару тәртібі регламенттелген.
«Жұмыс барысында заң жобасы психологтың Әдеп кодексін сақтау бойынша талаптармен, сондай-ақ психологтар тізілімін енгізу және тізілімнен шығару тәртібін реттейтін нормалармен толықтырылды», - деді Мысырәлімова.
Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – адамның психикасына әсер ететін кейбір тәсілдерге шектеу қою. Құжатта психикаға белсенді әсер ететін заттарды және адамның санасына ықпал ететін әдістерді қолдануға тыйым салу қарастырылған.
Депутаттың сөзінше, жұмыс тобы сондай-ақ заң техникасын жетілдіруге және құжаттың мазмұнын нақтылауға бағытталған редакциялық түзетулер енгізген.
Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берген. Қорытынды салыстырмалы кесте 39 қабылданған түзетуден тұрады.
Құжат қабылданған жағдайда Қазақстанда психологтардың қызметіне қойылатын талаптар нақтыланып, азаматтарға көрсетілетін психологиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.