Қазақстанда пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тиісті заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жаңа түзетулерге сәйкес:
- мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік өкілеттіктерін жеке мүддесі үшін пайдалануға тыйым салынады;
- туыстар мен өзара байланысты адамдардың бірге қызмет атқаруына қойылатын шектеулер күшейтіледі – енді бір ведомствода басшының жиендері, қайын інілері, жекжаттары, қайнылары мен күйеу балаларының жұмыс істеуіне тыйым салынады;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын тұлғалар шеңбері кеңейтіледі;
- пара алу мен беруге ғана емес, пара беруге уәде ету, ұсыну немесе талап ету әрекеттері үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізіледі;
- мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі;
- жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша талап қою мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылады.