Қазақстанда оқуға 550 шетелдік талапкерге мемлекеттік грант берілді

Қазақстанда оқуға 550 шетелдік талапкерге мемлекеттік грант берілді
pixabay.com

2026-2027 оқу жылына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін 550 шетелдік талапкерге мемлекеттік білім гранты бөлінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік стипендиялық бағдарлама аясындағы конкурстық іріктеу аяқталып, грант иегерлерінің негізгі тізімі бекітілді. Бағдарлама Қазақстан азаматы болып табылмайтын этникалық қазақтарға да арналған.

Биыл 490 грант бакалавриатқа, 50 грант магистратураға және 10 грант докторантураға бөлінді.

Конкурсқа әлемнің 71 елінен 16 098 талапкер қатысқан. Олардың едәуір бөлігін қандастар құрады.

Бағдарламаға еліміздің 27 жоғары оқу орны қатысып, талапкерлерге 886 білім беру бағдарламасын ұсынды. Грант иегерлерінің басым бөлігі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Astana IT University-де, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алады.

Биыл бағдарламаға қатысушы елдердің саны айтарлықтай артты. Егер 2025 жылы грант иегерлері 26 мемлекеттен болса, биыл бұл көрсеткіш 49 елге жетті. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтарынан түскен.

Биыл алғаш рет АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасының азаматтары да мемлекеттік стипендия иегерлері қатарына енді.

Министрлік бұл бағдарламаның Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі халықаралық беделін нығайтуға және шетелдік студенттерді тартуға ықпал ететінін атап өтті.