Қазақстанда тұтынушылық несиелеудің өсу қарқыны айтарлықтай баяулады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, кепілсіз тұтынушылық несие портфелінің өсімі соңғы алты жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Агенттік дерегіне сәйкес, 2021–2024 жылдары банктердің кепілсіз тұтынушылық несие портфелі жылына орта есеппен 32%-ға ұлғайса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 14,6%-ға дейін төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында өсім небәрі 3,1%-ды құраған.
"Бұл динамика соңғы жылдары қабылданған макропруденциялық шаралардың нәтижесін көрсетеді. Атап айтқанда, несие беру талаптары күшейтіліп, кепілсіз несиелер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері төмендетілді, қарыз сомасы мен мерзіміне шектеулер енгізілді. Сондай-ақ қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау талаптары күшейтіліп, мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа несие беруге шектеу қойылды", - делінген ҚНРДА хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, қабылданған өзгерістердің нәтижесінде банктер несие беру кезінде тәуекелді мұқият бағалай бастады. Соның салдарынан, әсіресе, қарыз жүктемесі жоғары азаматтар үшін несие алу қиындай түскен.
ҚНРДА мұндай үрдіс халықтың шамадан тыс қарызға бату қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар агенттік алдағы уақытта ақша-несие саясатының жұмсаруы мен несиелердің арзандауы жағдайында бұл үрдістің сақталуы маңызды болатынын жеткізді.