Қазақстанда мұнайдан түсетін табыс неге артпай отыр? Бектенов түсіндірді

Қаракөз Амантай 13 қаң. 2026 16:19

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап беріп, Қазақстан шетелдік мұнай өндіруші компаниялармен жасалған келісімдерді біржақты қайта қарауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс депутаттары үкіметтен не себепті ел өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) мен экологиялық заңбұзушылықтар аясында шетелдік мұнай-газ компанияларынан ірі көлемдегі қаражатты өндіре алмай отырғанын сұраған. Сондай-ақ олар халықаралық арбитраждардың ұзаққа созылып, кей жағдайда Қазақстан үшін тиімсіз аяқталатынына назар аударды. Депутаттардың айтуынша, салынған айыппұлдардың да валюта бағамының өзгеруіне байланысты нақты құны төмендеп барады.

Үкімет басшысының түсіндіруінше, Қазақстан аумағында анықталған экологиялық заңбұзушылықтар тек ұлттық заңнама шеңберінде қаралады. Ал мұндай құқықбұзушылықтар үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар тек теңгемен белгіленеді.

Бектенов айыппұлдарды шетел валютасына ауыстырып есептеу немесе оларды валюталық шығын ретінде көрсету заң жүзінде негізсіз екенін айтты. Сондықтан мұндай тәсіл тәжірибеде қолданылмайды.

Сонымен қатар 2022 жылы Атырау облысында экологтар Солтүстік Каспий жобасы аясында тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Сол кезде салынған айыппұлдардың бір бөлігі өндірілген.

Ал Солтүстік Каспий мен Қарашығанақ жобаларына қатысты халықаралық арбитраждарға келсек, үкімет бұл даулардың коммерциялық сипатта екенін атап өтті. Олар мемлекет пен мердігер компаниялар арасындағы ӨБК талаптарынан туындайды және ұлттық соттарда емес, халықаралық арбитраждық алаңдарда қаралады. Мұндай процестер, премьер-министрдің айтуынша, ұзақ әрі қомақты шығынды талап етеді.

Қазір Қазақстан бұл істер бойынша халықаралық кеңесшілер мен техникалық сарапшыларды тартқан. Олар мұнай-газ жобаларындағы операцияларға жан-жақты аудит жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove