Қазақстанда мұнай өндіру көлемін ұлғайту, жаңа газ құбырларын салу және электр энергиясы тапшылығын азайтуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, биылғы қаңтар–маусым айларында елде 45,7 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің 91,6%-ын құрайды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіру көлемін ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұған дейін қысқартылған өндіріс көлемін қалпына келтіру үшін Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілген. Бұл қосымша 2 млн тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ел бойынша өндіріс шығыны 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқарған. Жыл қорытындысында Қазақстанда 98 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр.
Алты айда мұнай өңдеу көлемі 8,98 млн тоннаны құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 18,2 млн тоннаға жеткізу көзделген. Бұл ішкі нарықты жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз етуге және мұнай өнімдерінің импортқа тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Газ саласында есепті кезеңде 31,4 млрд текше метр газ өндірілді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 64,5 млрд текше метрге жетеді деп болжануда.
Министрдің айтуынша, газ саласындағы маңызды жобалардың бірі – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңін аяқтау. Құрылыс биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба іске асқаннан кейін еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен тұрақты қамтамасыз ету мүмкіндігі артып, жаңа өндірістер мен тұрғын үйлерді газдандыруға жағдай жасалады.
Тауарлық газ өндірісі алты айда 12,2 млрд текше метрді құрады. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 27,5 млрд текше метрге жетеді деп күтілуде.
Көмір саласында да өсім байқалады. Қаңтар–маусым айларында 58,9 млн тонна көмір өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4%-ға артты. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 128,9 млн тоннаға, ал экспорт 33,2 млн тоннаға дейін жеткізіледі деп жоспарланған.
Электр энергетикасы саласында алты айда 63,4 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 126,5 млрд киловатт-сағатқа жетеді деп күтілуде.
Электр энергиясы тапшылығын төмендету мақсатында биыл жалпы қуаты 2,66 ГВт болатын жаңа энергетикалық жобалар іске асырылады. Олардың қатарында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ электр станциясын салу, Атырау ЖЭО-да жаңа турбоагрегат пен қазандықты іске қосу, Текелі энергетикалық кешенін кеңейту, сондай-ақ жалпы қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобалары бар.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға берілді. Сонымен қатар жалпы қуаты 212,6 МВт болатын жеті жаңартылатын энергия жобасы іске қосылды.
Министрдің мәліметінше, жаңартылатын энергия көздері алты айда 5,1 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2%-ға жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8,8 млрд киловатт-сағатқа жетеді деп күтілуде.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, аталған жобалардың іске асуы Қазақстанның энергия қауіпсіздігін күшейтіп, өңірлерді газбен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халық үшін энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.