Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде мемлекеттік деңгейде қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл – көпшілігімізге беймәлім сауал. Десе де, осы бағытта қыруар шаруаның атқарылып жатқаны жайындағы деректер қоғам назарына әркез ұсынылып тұрады. Оның үстіне, БҰҰ Конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 16-сессиясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың былай дегені бар: «Қазақстан халықаралық міндеттемелердің басымдығы, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының орындалуын қолдайды. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарымыздың мәселесін назардан тыс қалдырған емеспіз. Тіпті, бизнесте де, әлеуметтік салада да оларға жан-жақты басымдық беріледі».
Расында, елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау Қазақстанның Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау арқылы Қазақстан мүгедектерге қатысты БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарын іске асыруға дайын екенін білдірді. Бұл дегеніміз тең мүмкіндіктер жасауды және қол жетімді орта, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, олардың таңдау құқығын, дербестігі мен тәуелсіздігін, қоғамға араласуын және қосылуын кемсітусіз және қажеттіліктердің алуан түрлілігін және олардың елдің игілігіне қосқан үлесін ескере отырып қамтамасыз етеді.
«Мүгедектік – мүгедектер арасындағы өзара байланысу және олардың басқалармен тең дәрежеде қоғам өміріне толық және тиімді қатысуына кедергі келтіретін көзқарастық экологиялық кедергілердің нәтижесі», - делінген құжаттың кіріспесінде. Мүгедектердің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық пайдалануына, сондай-ақ мүгедектердің толыққанды қатысуына жәрдемдесу олардың сенімділігін арттырады және қоғамның адами, әлеуметтік және экономикалық дамуында елеулі прогреске қол жеткізеді.
Қазақстандағы мүгедектер мыналарға құқылы:
әлеуметтiк қорғау, оңалту, қоғамға интеграциялау, әлеуметтiк жәрдемақылар және мемлекет көрсете алатын кез келген көмек нысандары;
әлеуметтік инфрақұрылым мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
білім алу, қызмет түрін, оның ішінде еңбекті еркін таңдау, сондай-ақ кәсіптік оқыту және қайта даярлау, оңалту және жұмысқа орналастыру, шығармашылық қабілеттерін қолдау және дамыту;
тұрғын үй алу (жергілікті атқарушы органдарға жүгіну арқылы), тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және бірінші кезектегі көмекті алу.
Мүгедектерді жұмыспен қамтуды және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету шеңберінде мыналар реттеледі:
мүгедектер үшін жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайызы мөлшерінде жұмыс орындарының квотасын белгілеу және арнайы әрі әлеуметтік жұмыс орындарын құру;
жеке кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнесті ілгерілету есебінен мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құру;
мүгедектерді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру;
еңбек шартын жасасудан немесе мансаптық өсуден бас тарту, мүгедек қызметкердің келісімінсіз басқа жұмысқа ауыстыру немесе мүгедектігі бойынша жұмыстан босату жағдайларын болдырмау (денсаулық жағдайы кәсіптік міндеттерін орындауға кедергі келтіретін немесе жұмыс істеуіне қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда).
Жаңашылдықтардың ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға депутаттық мандаттарды бөлуде квота белгіледі. Дәл қазір біздің Парламентімізде Мәжіліс депутаты ретінде бес мүмкіндігі шектеулі азаматтың мандаты бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлт жоспарының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. 2023 жылы жеке көмекшілерді даярлау және оларға қызмет көрсету, әлеуметтік қызметкерлер мен педагогтардың мәртебесін арттыру, мекемелерде және үйде медициналық қызмет көрсету және мәдени-спорттық қызмет көрсету (инклюзивті туризм) тарифтерін қалыптастыру және жетілдіру бойынша өзгерістер курсы белгіленді.
2025 жылдың соңына дейін 22 мың нысанды мүгедектердің заңды қажеттіліктеріне бейімдеу жоспарлануда. Өткен жылдың өзінде 9 128 мемлекеттік, медициналық және білім беру мекемелеріне және басқа да азаматтық инфрақұрылым объектілеріне (дәріханалар, банктер мен пошта бөлімшелері, мәдениет ошақтары, әлеуметтік оңалту орталықтары, сауда үйлері және басқа да сауда объектілері) бейімделді.