Қазақстанда мұғалімдердің жартысы 1,5 ставкамен (24 сағат) жұмыс істейді және орташа есеппен 581 мың теңге еңбекақы алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, мұғалімнің толық бір ставка (16 сағат) бойынша орташа жалақысы қала мектептерінде 352 мың теңгені, ал ауылдық жерлерде 435 мың теңгені құраған. Алайда ұстаздардың жартысы жүктемесін арттырып, 1,5 ставкамен жұмыс істеп келеді.
Мұғалімдердің айлық табысы бірнеше факторға байланысты белгіленеді: білім деңгейі, біліктілік санаты, еңбек өтілі, сағат жүктемесі, сондай-ақ еңбек жағдайы, ғылыми дәрежесі, тәлімгерлік қызметі және сабақтан тыс жұмыстарға берілетін қосымша төлемдер.
Сонымен қатар педагогикалық шеберлігіне қарай қосымша үстемақылар қарастырылған:
Педагог-шебер – 50%;
Педагог-зерттеуші – 40%;
Педагог-эксперт – 35%;
Педагог-модератор – 30%.
Ауылдық жерлердегі мұғалімдерге ерекше қолдау көрсетіледі – олардың еңбекақысы қаладағы әріптестерінен 25%-ға жоғары.