Сенат медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауға бағытталған заң жобасын екі оқылымда мақұлдап, оны Президентке жолдады. Құжат денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларына тосқауыл қоюды және олардың еңбек қауіпсіздігін күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенат атап өткендей, заңның қабылдануы медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне құқықтық қорғаныс беріп қана қоймай, олардың кәсіби міндетін қауіпсіз ортада атқаруына мүмкіндік жасап, медициналық қызмет сапасына оң ықпал етпек.
Жаңа нормаларға сәйкес, Қылмыстық кодекс 380-3-баппен ( Медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне күш қолдану немесе күш қолдану қатерін төндіру) толықтырылды. Енді мұндай әрекеттер үшін жаза едәуір қатаңдатылды.
Атап айтқанда, медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем бригадасының жүргізушісіне күш қолданамын деп қорқытқан азаматтарға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Ауырлататын мән-жайларда бұл мерзім екі жылдан үш жылға дейін ұлғаяды.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактілері үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қолданылады. Ал мұндай әрекет ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза үш жылдан жеті жылға дейін қатаңдатылады.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғандар бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда бұл мерзім жеті жылдан он екі жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Сенат қабылдаған заң медицина саласы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың мәртебесін күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
