Қазақстанда майлы дақылдардан экологиялық авиаотын өндіру жоспарланып отыр

Қазақстанда майлы дақылдардан экологиялық авиаотын өндіру жоспарланып отыр
Фото: ЖИ

Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылуы мүмкін. Жоба қытайлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылып, шикізат ретінде техникалық майлы дақылдар мен азық-түлік өндірісіне жарамсыз ауыл шаруашылығы қалдықтары пайдаланылмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның құрамына енген.

"Жоба аясында тек авиациялық отын ғана емес, сутегі, сутегі асқын тотығы, желатин, пептон, сондай-ақ машина жасау және құрылыс салаларына арналған өнімдер шығару мәселесі де қарастырылып жатыр", - деді вице-министр.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерінің 21 түрін Қытай нарығына экспорттауға қатысты фитосанитариялық талаптарды келісіп үлгерген. Қазіргі таңда Қытайға өнім экспорттауға Қазақстанның 3,6 мың кәсіпорнының мүмкіндігі бар.

Экологиялық авиациялық отын өндіру жобасын қытайлық Full Vision Capital және EcoCeres компаниялары жүзеге асырады. Өндірісте азық-түлікке пайдаланылмайтын майлы техникалық дақылдар мен ауыл шаруашылығы қалдықтарын өңдеу көзделіп отыр.