Қазақстанда колонияда дүниеге келген балалардың туу туралы куәлігінде олардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде туғаны көрсетілмейтін болды. Тиісті түзетулерді Сенат екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сенатор Марат Қожаевтың айтуынша, жаңа норма баланың құқықтарын қорғауға және оның болашақта стигмаға ұшырауына жол бермеуге бағытталған.
«Бала қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде дүниеге келген жағдайда, бұл мекеме туу туралы куәлікте көрсетілмейді», - деді Қожаев Сенат отырысында.
Аталған өзгеріс Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер аясында қарастырылған.
Сонымен қатар заңда әйелдердің жазасын өтеу жағдайларын ізгілендіруге бағытталған бірқатар жаңа нормалар көзделген. Атап айтқанда, орташа және ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде отырған әйелдердің азық-түлік сатып алу, сәлемдеме мен посылка алу, сондай-ақ жақындарымен кездесу құқықтары кеңейтіледі.
Сенатордың сөзінше, жаңа түзетулер әйелдерді ұстау жағдайларын жақсартуға және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі ізгілендіруге мүмкіндік береді.
«Жаңа нормалар әйелдердің азық-түлік сатып алу, сәлемдемелер мен берілімдерді алу, сондай-ақ кездесулердің саны мен мерзімділігіне қатысты құқықтарын нақтылайды. Бұл ережелер қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі әйелдердің жағдайын жақсартады», - деді Марат Қожаев.