Қазақстанда көлік жүргізу емтиханында бір күнде үш жол апаты болды

Қазақстанда көлік жүргізу емтиханында бір күнде үш жол апаты болды
Азаматтарға арналған үкімет

Астанада, Ақтөбеде және Талдықорғанда жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсырып жатқан кандидаттар бір күнде үш жол-көлік оқиғасына себеп болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, үш жағдайда да емтихан тапсырушылар көлікті басқара алмай қалған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Емтихан кезінде кандидаттар педальдерді шатастырып, жол белгілерін қағып, қоршауларға және басқа көліктерге соғылған.

«Бір күнде үш жол апаты. Жыл басынан бері осындай жүз жағдай тіркелді. Олардың барлығы еліміздегі автодромдарда практикалық емтихан тапсыру кезінде болған», – деп хабарлады мемлекеттік корпорация.

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін алдымен теориялық, кейін практикалық емтихан тапсыру қажет. Практикалық сынақ барысында көлікті басқару, маневр жасау, арақашықтық пен габаритті бағалау, белгіленген жерге тоқтау және басқа да жүргізу дағдылары тексеріледі.