Қазақстанда киік саны 4 миллионға жақындады

Қазақстанда киік саны 4 миллионға жақындады
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

2025 жылғы санақ бойынша еліміздегі киіктердің жалпы саны 3 млн 978 мыңға жеткен. Оның ішінде Орал популяциясында 2,3 млн, Бетпақдалада 1,6 млн, Үстіртте 78 мың киік тіркелген.

Сондай-ақ Қазақстанда 1 240 тоғай бұғысы, 16 122 қарақұйрық, 4 702 құлан және 17 604 арқар бар.

"Қазақстанда сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктер саны жыл сайын артып келеді. Елімізде жабайы жануарларды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр", - делінген жобалық кеңсе хабарламасында.

Құлан популяциясын қалпына келтіру аясында 66 жануар жаңа аумақтарға көшірілген. Оның 42-сі "Іле-Балқаш" резерватына, 24-і "Алтын дала" резерватына жіберілді.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі "Алтын дала" табиғи резерваты аумағында 2017 жылы құрылған жабайы тұяқты жануарларды жерсіндіру орталығында қазір 14 Пржевальский жылқысы бар. Оның 12-сі – бие, екеуі – айғыр. 2029 жылдың соңына дейін тағы 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.

Елімізде жекдуадақ саны да көбейген. 2025 жылы аталған құстың саны 16 487-ге жетті. Олар бірнеше қорық аймағы мен қаумалда мекендейді.

Бұған қоса, Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен Тұран жолбарысын табиғатқа қайтару бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба үшін Тұран жолбарысына генетикалық тұрғыдан ең жақын Амур жолбарыстары таңдалған. Негізгі жерсіндіру алаңы ретінде Балқаш маңындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты белгіленді.

"Жолбарыстарға тұрақты қорек қорын қалыптастыру үшін резерват аумағына құлан, қарақұйрық және қабандар жіберілді. 2026 жылғы тамызда Үміт есімді алғашқы ұрғашы Амур жолбарысы табиғи ортаға шығарылды", – деп хабарлады жобалық кеңсе.

Жалпы Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді. Олардың қатарында сүтқоректілердің 178, құстардың 489, бауырымен жорғалаушылардың 49 және қосмекенділердің 12 түрі бар. Сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына омыртқалылардың 132 түрі мен түр тармағы және омыртқасыздардың 96 түрі енгізілген.