Сенатор Марат Қожаев палата кулуарында Жол қозғалысы ережесін (ЖҚЕ) өрескел әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді айыппұлдың жартысын төлеу мүмкіндігінен айыру жөніндегі ұсынысына түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қожаев ол бұл бастаманы өткен жылы-ақ көтергенін еске салды.
«Мен бұл ұсынысты өткен жылы айтқанмын, ол Үкіметте қаралып, қолдау тапты. Сондықтан осы бағытта белгілі бір өзгерістер болады деп ойлаймын.
Мен бір жыл ішінде 10 реттен артық ЖҚЕ бұзатын, яғни жүйелі түрде құқықбұзушылық жасайтын адамдарды осы жеңілдіктен айыруды ұсындым. Олар 10-реттен кейін - 11, 12 немесе 13-рет құқықбұзушылық жасаған жағдайда - айыппұлды толық көлемде төлеуі керек. Бізде заңдар пакетпен қабылданады, сондықтан ӘҚБтК-ге келесі өзгерістер енгізілген кезде мен осы түзетулерді бастама ретінде ұсынатын боламын», - деді сенатор.
