Сенатор Нұрлан Бекназаров азаматтардың жекелеген санаттарының сайлау мен референдумдарға қатысуын шектеуді ұсынды. Бұл бастаманы ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатордың айтуынша, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар сайлау мен референдумдарға қатыспауы тиіс.
Сонымен қатар Бекназаров мемлекеттік лауазымдарға сайлану құқығына да шектеу енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, бұл шектеу соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтарға, сондай-ақ сот шешімімен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны дәлелденген тұлғаларға қатысты болмақ.
«Мұндай норма қоғам сұранысына толық жауап береді және мемлекеттік қызметке үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді», - деді сенатор.
Оның түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістер сайлау үдерістеріне және билік институттарына деген қоғамдық сенімді нығайтуға, сондай-ақ мемлекетті басқаруға үміткер азаматтар үшін жоғары стандарттар қалыптастыруға бағытталған.
