Сенатта өткен брифингте Антикор төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев сыбайлас жемқорлар тізімін әзірлеу жобасы туралы айтты. Бұл ұсыныс қаңтарда қарауға жіберілді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Тізілімде жемқорлар соттың күшіне енген үкімінен кейін немесе өзге де шешімдерден (мысалы прокуратураның шешімі) кейін ғана көрсетіледі. Бұл тізілім заңнамамен реттелуі керек. Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр", - деді Антикор төрағасының орынбасары.
Ведомство өкілі тізімге ену өмір бойғы үкім емес екенін жеткізді.
Соттылығы өтелгеннен кейін жемқор есептен шығарылады және тиісінше сыбайлас жемқорлар тізілімінен де өшіріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Бұл заң жобалары аясында елде жемқорлардың ашық реестрін енгізу жоспарланып отыр.