Қазақстанда жеке детективтердің қызметін заңдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Мәжілісте елде жеке детективтік қызмет институтын құруды көздейтін заң жобасы жұмысқа қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, құжат азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ жеке детективтердің қызметіне нақты құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Заң жобасында бұл қызметтің негізгі ережелері қарастырылған. Атап айтқанда, кімдер детектив бола алатыны, детективтік агенттіктердің қалай жұмыс істейтіні, лицензиялау тәртібі және мемлекеттік бақылау тетіктері көрсетіледі.
Қазір Қазақстанда жеке детективтердің қызметі заңмен ресми түрде реттелмеген.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі адамның жеке өміріне қатысты ақпаратты заңды негізсіз жинау немесе біреуді аңду жеке өмірге қол сұғушылық болып саналатынын және мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірген.
