Қазақстанда жасанды интеллект барлық салаға енгізіліп жатыр – Үкімет

Самал Асқар 28 сәу. 2026 10:28

Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары экономиканың түрлі салаларына енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, құрылыс саласында жасанды интеллект жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейін барлық кезеңде қолданылып жатыр. Қала құрылысы мен жоспарлау кезінде «компьютерлік көру» технологиясы пилоттық режимде енгізілген. Жүйе нысандардың нақты жағдайын жобалық құжаттармен салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтайды.

Нәтижесінде тексеру уақыты 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқарған. Бұл заңсыз құрылыс тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қалалардың цифрлық көшірмелерін жасау үшін дрондарды пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллект енгізу жоспарланған. Ол үшін құрылыс нормалары машина оқи алатын форматқа көшірілуде.

«Бұл түрлі өңірлерде типтік жобаларды қарау мерзіміндегі айырмашылықтарды жояды және мемлекеттік сараптаманың бірыңғай әрі ашық ережелерін қамтамасыз етеді», – деді министр.

Сондай-ақ BIM жүйесін кезең-кезеңімен міндетті стандарт ретінде енгізу көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде бұл талап өнеркәсіптік құрылысқа қатысты болады.

Министрдің айтуынша, өнеркәсіп саласында жасанды интеллект сапаны бақылау және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін қолданылады. Тау-кен өндірісінде де ЖИ негізіндегі шешімдер енгізілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove