Қазақстанда жанар-жағармай бағасы бір жылда қалай өзгерді?

Қаракөз Амантай 10 нау. 2026 09:46

2025 жылы Қазақстанда жанар-жағармай бағасына мемлекеттік реттеу алынып тасталып, нарықтық баға белгілеу жүйесіне көшу басталды. Алайда әлеуметтік маңызы бар АИ-92 бензиніне және дизель отынына бағаны өсірмеу туралы мораторий енгізілген еді. Бұл шектеу 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін күшінде, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта АИ-92 бензині мен дизель отынына белгіленген бөлшек сауда бағасының дәлізі сақталып отыр:

  • АИ-92 бензині – литріне 213–239 теңге,
  • дизель отыны – 317–337 теңге аралығында.

Ведомствоның айтуынша, ірі жанармай құю станцияларының желілерінде АИ-92 бағасы осы дәлізден аспай отыр, яғни мораторийді бұзу фактілері тіркелмеген.

Бір жылдағы баға өзгерісі

2025 жылдың қаңтарында мемлекеттік реттеу тоқтатылған кезде жанармай бағасы айтарлықтай төмен деңгейде болатын. Мысалы, сол кезде Астанада АИ-92 бензині 202–205 теңге, ал Алматыда шамамен 205 теңге тұрған.

2026 жылдың басында баға мынадай деңгейге жетті:

– Астана: АИ-92 – 237 теңге, АИ-95 – 309–315 теңге, АИ-98 – 354–365 теңге, дизель – 327–330 теңге;
– Алматы: АИ-92 – 239 теңге, АИ-95 – 313–321 теңге, АИ-98 – 350–375 теңге, дизель – 330–335 теңге.

Сараптамалық есептеулерге сүйенсек, соңғы бір жылда жанар-жағармай бағасы орта есеппен 15–20 пайызға өскен. Ең көп қымбаттағаны – АИ-95 пен АИ-98 бензині.

Толық бак қанша тұрады?

Бағаның өсуі автокөлік жүргізушілерінің шығынына да әсер етті. Мысалы, көлемі 50 литрлік бакты толтыру құны бір жыл ішінде едәуір артқан.

2025 жылы:

– АИ-92 – шамамен 10–10,2 мың теңге,
– АИ-95 – 13–13,6 мың теңге,
– АИ-98 – шамамен 14,8 мың теңге.

2026 жылы:

– АИ-92 – 11,8–11,9 мың теңге,
– АИ-95 – 15,4–16 мың теңге,
– АИ-98 – 17,5–18,7 мың теңге.

Яғни бір жыл ішінде АИ-92-мен толық бак толтыру шамамен 1700 теңгеге, АИ-95 – шамамен 2200 теңгеге, ал АИ-98 – 2500 теңгеге жуық қымбаттаған.

Мораторий аяқталғаннан кейін не болады?

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, мораторий аяқталғаннан кейін АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын нарықтық жүйеге көшіру біртіндеп жүзеге асырылады.

Сарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, АИ-92 бензинінің бағасын мемлекет тарапынан бақылауда ұстау маңызды, өйткені Қазақстандағы автокөліктердің басым бөлігі ескі, әрі дәл осы бензинді пайдаланады. Егер бұл жанармайдың бағасы еркін өссе, тасымал шығындары арқылы көптеген тауар мен қызметтің бағасы қымбаттап, жалпы өмір сүру құны артуы мүмкін.

Соған қарамастан, сарапшы Қазақстандағы жанармай бағасы әлемдегі ең төмен деңгейдің бірі екенін атап өтеді. Сондықтан мемлекет инфляцияны тежеу үшін бұл бағыттағы саясатты жалғастыруы ықтимал.

Жаңа мұнай өңдеу зауыты қажет

Алексеевтің айтуынша, бағаны тек шектеумен емес, жанармай өндірісін арттыру арқылы да реттеу қажет. Оның пікірінше, елде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу – жанармайдың өзіндік құнын төмендетудің тиімді жолы.

Айта кетейік, жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін шешуді тапсырған болатын.

АИ-95 те әлеуметтік маңызы бар отынға айналуы мүмкін

Сарапшының тағы бір ұсынысы – АИ-95 бензинін де әлеуметтік маңызы бар отын түріне жатқызу. Себебі қазіргі заманғы көліктердің көпшілігі дәл осы маркалы бензинді талап етеді.

Оның айтуынша, сапалы жанармай пайдалану автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтып, қалалардағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан алдағы жылдары АИ-95-тің маңызы одан әрі арта түсуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove