Қазақстанда мұнай өндіру кезінде шығатын ілеспе газды цифрлық майнингке қажетті электр энергиясын өндіруге пайдалану ұсынылды. Жаңа тетікке сәйкес, майнинг компаниялары жер қойнауын пайдаланушылардың келісімімен мұнай кен орындарында автономды электр станцияларын орната алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті механизм Энергетика министрлігімен бірлесіп әзірленген.
Жоба аясында қазір толық пайдаланылмай жатқан ілеспе мұнай газынан электр энергиясын өндіру көзделіп отыр. Ал алынған қуат цифрлық майнинг нысандарының жұмысына жұмсалады.
Билік бұл бастама газды босқа жағу көлемін азайтуға, жаңа инвестициялар тартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп есептейді. Осындай тәсілді көмір шахталарынан бөлінетін метанды кәдеге жарату үшін де қолдану жоспарланып отыр.
Стратегиялық цифрлық майнинг жобаларының жалпы жоспарлы қуаты 300 мегаватты құрайды. Ведомство мәліметінше, қуаты 90 мегаватт болатын алғашқы жоба 12 қыркүйекте іске қосылған.