Қазақстанда 2026 жылдың бірінші тоқсанында халықтың негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір тұрғын тоқсанына орта есеппен 20,7 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Былтыр бұл көрсеткіш 20,6 келі болған. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге, картоп 11,3 келіден 11,4 келіге, ал балық пен теңіз өнімдері 3,5 келіден 3,6 келіге дейін өскен.
Сонымен қатар кейбір азық-түлік түрлерін тұтыну азайған. Атап айтқанда, жарма және дәнді дақылдар өнімдері 31 келіден 30,6 келіге, жеміс-жидек пен жаңғақ 17,5 келіден 17,4 келіге, ал қант, тосап және бал 10,8 келіден 10,3 келіге дейін төмендеген. Май мен тоңмайды тұтыну деңгейі өзгеріссіз қалған.
Бірінші тоқсанда қазақстандықтар жан басына шаққанда орта есеппен 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, 6 келі сиыр еті, 4,8 келі алма, 4,6 келі қант, 4,2 келі күріш, 3,1 литр айран, 2,6 келі макарон, 2,4 литр сүт, 2,1 келі жаңа немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 келі қара шай тұтынған.
Көкөністі ең көп тұтынған өңір – Алматы қаласы, мұнда бір тұрғынға шаққанда көрсеткіш 23,2 келіні құрады. Одан кейін Жетісу облысы (22,8 келі) және Түркістан облысы (21,4 келі) орналасқан. Ал ең төменгі көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (16,5 келі), сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында тіркелген – әрқайсысында 16 келіден.
Ет пен ет өнімдерін тұтыну бойынша Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстары көш бастап тұр. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалған.
Ұлттық статистика бюросы бұл деректер еліміздегі 12 мың үй шаруашылығына жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижесінде алынғанын мәлімдеді.