Қазақстанда енді кімдерге несие берілмейді

Қаракөз Амантай 25 қыр. 2025 17:35

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарға несие беру талаптарын қатаңдататын жаңа қаулы жобасын дайындады. Құжаттың басты мақсаты тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуін тежеу және азаматтардың шектен тыс қарызға батуының алдын алу, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жобаға сәйкес, кейінгі 12 ай ішінде 90 күннен аса мерзімі өткен қарызы бар адамдар үшін қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін қысқартылады. Бұл көрсеткіш қарыз алушының табысына шаққандағы ай сайынғы төлемдерін өлшейді. Яғни, төмендетілген коэффициент мұндай азаматтарға жаңа несие алу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.

Сонымен қатар банктер кепілсіз тұтынушылық несие беруді келесі жағдайларда шектемек:

  • егер банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам немесе микрокредиттер бойынша бір күннен артық мерзімі өткен қарыз болса;
  • 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 ай ішінде негізгі қарыз немесе сыйақы толық кешірілген жағдайда;
  • соңғы 12 ай ішінде реструктуризация жасалып, бірақ қарыз алушы өз міндеттемесін дұрыс орындамаған болса.

Бұдан бөлек, банктер қарыз алушының кредиттік тарихын пайдаланып, оның қарыздары мен реструктуризациясын тексеруге құқылы.

Реструктуризация келесі жағдайларда тиімсіз деп танылады:

  • алты ай ішінде қарыз көлемі кемінде 5%-ға азаймаған болса;
  • соңғы бір жылда екі және одан да көп рет реструктуризация жасалса;
  • сыйақы мөлшері негізгі қарыздың 20%-ынан асып кетсе;
  • жаңа несие ескі қарыздың тек қана мерзімі өткен бөлігін жабуға берілсе.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа несие алу қиындайтыны туралы жазған едік. Енді банктерде төлемді 90 күн емес, 30 күн кешіктірсеңіз, жаңа несие рәсімдей алмайсыз. Бұл туралы Қаржы нарығын дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Микрокредит ұйымдары үшін талап бұдан да қатаң болмақ: егер қарызды бір күн кешіктірсеңіз, жаңа қарыз алу мүмкіндігіңіз болмайды.

Әбілқасымованың айтуынша, бұл шара азаматтардың қаржылық тәртібін бақылауды күшейтуге бағытталған. Ереже қарыз алушыларды уақытында төлем жасауға ынталандырады деп күтілуде. Осылайша, адамдар несиелерін дұрыс басқарып, қарыздарын дер кезінде өтейді деген сенім бар.

Егер қарыз алушының қаржылық жағдайы жақсарып, тұрақты табысқа қол жеткізсе, шектеулер алынып тасталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар