Қазақстанда еңбек кітапшаларын тексеру мен зейнетақы тағайындауға жасанды интеллект тартылады

Қазақстанда еңбек кітапшаларын тексеру мен зейнетақы тағайындауға жасанды интеллект тартылады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда еңбек кітапшаларын тексеру және зейнетақы төлемдерін тағайындау процесіне жасанды интеллект енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін жасанды интеллект технологиялары тағы бес бағыт бойынша іске қосылады.

Үшінші тоқсанда жасанды интеллект қандас мәртебесін беру, жұмысқа жолдама рәсімдеу және медициналық деректерді талдау арқылы еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін анықтау салаларында қолданыла бастайды. Бұл құжаттарды қолдан жасау мен жалған мәліметтерді ұсыну тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Ал төртінші тоқсанда цифрлық модельдер сканерленген еңбек кітапшаларын тануды үйреніп, азаматтарға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

Сонымен қатар ел кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді анықтауға арналған талдау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Билік өкілдерінің пікірінше, жасанды интеллектті әлеуметтік-еңбек саласына енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жеделдігін арттырып, шешім қабылдау үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді.