Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын өңір белгілі болды

Қаракөз Амантай 09 ақп. 2024 11:39 4883

Қазақстанда ең жоғары жалақы мөлшері Атырау облысының тұрғындарына тиесілі. Олардың орташа табысы 600 мың теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2023 жылғы IV тоқсанда 393 605 теңге болған.

"2022 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 16,2 пайызға, нақты мәнде – 5,3 пайызға өсті. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2023 жылғы IV тоқсанда бағалау бойынша 259 463 теңге болды. 4-тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты", - делінген хабарламада.

2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 29,7 пайыз, ақпарат және байланыс – 23,2 пайыз, өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,8 пайыз, салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақының өсуі 18,6 пайыз, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 18,2 пайыз.

"Өңірлік бөліністе 2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары өсімі Ұлытау облысында тіркелді – 23,5 пайыз. Ең төменгі өсімі Атырау облысында байқалды – 6,4 пайыз.

Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғары және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2023 жылғы IV тоқсанда 2,1 есе болды", - делінген хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар