Қазақстанда электросамокат жүргізу тәртібі өзгерді: жаңа талаптар қандай?

Қазақстанда электросамокат жүргізу тәртібі өзгерді: жаңа талаптар қандай?
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа талап бойынша электросамокатпен велосипед жолдары мен велосипед жолағымен жүруге болады. Мұндай жолдар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен қозғалуға рұқсат етіледі.

Алайда көлік жүретін жолға электросамокатпен тек 18 жастан асқан азаматтар ғана шыға алады. Сонымен қатар олардың кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныс шлемін киюі міндетті. Қараңғы уақытта киімде немесе самокатта жарық шағылыстыратын элементтер болуы қажет.

Электросамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға да тыйым салынған. Яғни бір самокатқа екі немесе одан да көп адамның мінуіне болмайды.

Жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібі де қатаңдатылды. Самокат жүргізушісі өткелге келгенде көліктен түсіп, оны жаяу жетектеп өтуге тиіс.

Жаңа талаптар жалға берілетін электросамокаттарға да қатысты. Кикшеринг компаниялары самокаттарына тіркеу нөмірін орнатып, сақтандыру рәсімдеуі керек. Сондай-ақ олардың жылдамдығы мен жүрген жерін автоматты түрде бақылау қарастырылған. Жалға алынған самокатпен жасалған жол ережесін бұзу деректерін «Сергек» камералары тіркей алады.

Ал жеке электросамокат иелеріне самокатына мемлекеттік нөмір алу немесе сақтандыру рәсімдеу міндеттелмейді. Дегенмен оларға да тротуармен жүрмеу, жолға шыққанда 18 жастан асқан болу, жүргізуші куәлігін алып жүру және шлем кию талаптары қолданылады.

Ереже бұзғандарға айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгені құрайды. Тротуармен жүру, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өту, жолда шлемсіз немесе жүргізуші куәлігінсіз жүру, сондай-ақ жолаушы не жүк тасымалдау үшін 2 АЕК, яғни 8 650 теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Бір жыл ішінде жол қозғалысы ережесін қайталап бұзған жағдайда айыппұл 10 АЕК-ке, яғни 43 250 теңгеге дейін өседі. Адам зардап шеккен немесе материалдық шығын келген жол-көлік оқиғасы үшін де 10 АЕК көлемінде жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК немесе 86 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ заңнамада үш тәулікке дейін қамауға алу немесе 12 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылған.