Қазақстан электр энергиясы тапшылығын еңсеруге жақындап келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, биылғы бес айда елде 53,6 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 53,3 млрд кВт·сағат болған. Яғни өндірілген энергия көлемі тұтынудан шамамен 300 млн кВт·сағатқа артық.
Кейінгі жылдары Қазақстан ішкі қажеттілікті толық өтеу үшін шетелден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болған еді. Мысалы, өткен жылы елде шамамен 1,5 млрд кВт·сағат электр энергиясы жетіспеген.
Биылғы көрсеткіш елдегі электр станцияларының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және халық пен кәсіпорындардың сұранысын өз күшімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік артып келе жатқанын көрсетеді.
Билік өкілдерінің жоспарына сәйкес, 2027 жылдың басына қарай электр энергиясы тапшылығын толық жою көзделген. Ал 2029 жылға қарай Қазақстан электр энергиясын артығымен өндіретін елдердің қатарына қосылмақ.
Бұл үшін қолданыстағы электр станциялары жаңғыртылып, жаңа қуат көздері іске қосылып жатыр. Биыл төрт газ электр станциясын, бірнеше күн және жел электр станциясын, сондай-ақ бір су электр станциясын пайдалануға беру жоспарланған.
Осының нәтижесінде елдің энергияға деген сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға да мүмкіндік туады.