Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Соңғы жылдары елде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі айтарлықтай өсім көрсетті. Мысалы, 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,2 трлн теңге болса, 2025 жылы ол 9,8 трлн теңгеге жетіп, екі есеге жуық артқан. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі 3,9 трлн теңге болды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Талдау" сарапшыларына сілтеме жасап.
Бұл нәтижелерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсету арқылы қол жеткізілді. Мұнда бизнес бастамаларын алмастыру емес, керісінше, ынталандыру негізгі рөл атқарып отыр.
Биыл көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Аграрлар үшін бұл қаражаттың соңғы мөлшерлемесі жылдық 5% деңгейінде белгіленген. Сәуір айына дейін 4,5 мыңнан астам шаруашылық 600 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие алған. Олар 7,2 млн гектар егістік алқапты игеріп отыр.
Салыстырмалы түрде, 2022–2023 жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға жалпы 943 млрд теңге бөлінген еді. Ол қаражат мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қаржылық құралдар және өңдеу саласына бөлінді. Ал қазір 700 млрд теңгеден астам қаржы тек бір жылға және тек егіс пен жинау жұмыстарына бағытталып отыр. Бұған қоса, 300 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да бар.
Қаржыландырудың уақыты да өзгерді. Егер 2025 жылғы егіс науқанына қаражат 2024 жылдың қарашасында ғана беріле бастаса, биылғы науқан үшін қаржыландыру өткен жылдың қазан айында іске қосылған. Бұл фермерлерге құжат тапсырып, қаржы алуға және көктемгі жұмыстарға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде жұмыстар кідіріссіз жүргізіліп, сапасы артып келеді. Ал бұл өз кезегінде өнім көлемінің де өсуіне ықпал етеді.
Егіс пен жинаудан кейінгі маңызды кезең – өнімді өңдеу. Қазір Қазақстанның агроөнеркәсіптік экспортында негізінен шикізат – астық пен ет басым. Бұл бағытты өзгерту қажет, өйткені терең өңделген өнім экспорттан көбірек табыс әкеледі.
Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңір әкімдіктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірге жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін қолдау тетіктерін кеңейту тапсырылды. Сонымен қатар айналым қаражатына берілетін несиелердің мерзімін екі жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Жоспар бойынша, 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі 70%-ға жеткізілуі тиіс.
Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Құбылмалы әлемде ел өз халқын негізгі қажеттілік – азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуі тиіс. Соңғы жылдары бұл бағытта ілгерілеу бар, бірақ алда атқарылатын жұмыс әлі көп.
Қазақстан тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын қалыптастыру жолында ілгерілеп келеді.
