Қазақстан Үкіметі мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлу тәртібін күшейтті. Енді мемлекеттік органдардың жоспардан тыс қаржыландыруды ел басшылығынан тікелей сұрауына тыйым салынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, бюджеттен қосымша қаражат сұрау нақты мерзімдермен шектеледі.
Атап айтқанда, келесі жылға арналған бюджет өтінімдері жыл сайын 20 маусымнан кешіктірілмей ұсынылуы тиіс. Ал ағымдағы жылға қосымша қаржы қажет болған жағдайда өтінімдер бюджетті жоспарлы нақтылау рәсімі аяқталғаннан кейін бес күн ішінде берілуі керек.
Сондай-ақ әрбір бастама бойынша жан-жақты қаржылық есептеулер дайындалып, олар міндетті түрде Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігімен алдын ала келісілмек. Үкіметтің бұл қадамы мемлекеттік шығындарды бақылауды күшейтуге, бюджеттік тәртіпті сақтауға және жоспардан тыс шығыстардың өсуіне жол бермеуге бағытталған.