Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева хабарлады. Ол Президент тапсырмасы бойынша балаларға зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі екі жылдық жұмыстың қорытындысын ұсынды.
Омбудсменнің айтуынша, соңғы екі жылда елде балалардың құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесі құрылды. Аймақтарда әкімдіктер жанынан арнайы басқармалар, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар мен байланыс орталығы ашылған. Сондай-ақ мектептерде балалармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін QR 111 жүйесі енгізілді.
Қылмыстар азайып, суицидтің алдын алу шаралары күшейді
2025 жылдың тоғыз айында кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 18%, ал педофилия фактілері 24% төмендеген. Сонымен қатар, балаларға қатысты кісі өлтіру және өзге де ауыр қылмыстар саны азайған.
Балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Аймақтарда психологиялық көмек орталықтары ашылып жатыр. Соның нәтижесінде, соңғы он жылда алғаш рет Алматы облысында суицид фактілерінің азайғаны тіркелді.
Динара Закиева атап өткендей, балалар суицидінің шамамен 60% отбасындағы кикілжіңдермен байланысты.
Ол ата-аналарды өз балаларына көбірек сүйіспеншілік, қамқорлық және назар бөлуге шақырды.