2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда автонесие беру көлемі 29,8%-ға өсіп, жалпы сомасы 2,4 трлн теңгеге жетті. Осылайша, бұл сегмент алғаш рет ипотекалық несиелеу нарығымен тең деңгейге шықты. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Автонесиелеу бөлшек несие нарығындағы үлесін айтарлықтай арттырды. Жыл қорытындысында халыққа берілген жаңа несиелер құрылымындағы оның үлесі 9,4%-дан 13,2%-ға дейін өсті. Ал бөлшек несие портфеліндегі үлесі 13,7%-дан 16,2%-ға дейін ұлғайған.
Сарапшылардың айтуынша, автонесие беру көлемінің жедел өсуі мен портфельдің 42%-ға артуы тәуекел көрсеткіштерінің салыстырмалы түрде тұрақты болуымен қатар жүрді. Жыл соңында мерзімі өткен берешек үлесі 2,8%-дан 2,7%-ға дейін төмендеп, бөлшек несие нарығындағы орташа деңгейден (4,0%) төмен сақталған. Бұл, бір жағынан, автонесиенің кепілмен қамтамасыз етілуімен, екінші жағынан, қарыз алушыларды іріктеу талаптарының қатаң болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар өтінімдердің мақұлдану деңгейінің төмен болуы банктердің сақтыққа негізделген несиелік саясатын ұстанып отырғанын және жүйеде артық тәуекелдердің жиналуына жол бермейтінін көрсетеді.
Дегенмен сарапшылар жылдың екінші жартысында автонесиелеу нарығында қанығу белгілері байқалғанын атап өтті. Қаржыландыру құнының өсуі мен маркетингтік бағдарламалардың аяқталуына байланысты автонесиелер бойынша мөлшерлемелер 14,6%-дан 22,9%-ға дейін көтерілген. Бұл өз кезегінде жаңа несие берудің қарқынының бәсеңдеуіне әсер еткен.
